Әртүрлі

МҚІА: Қызмет алушының бұзылған құқықтары қалпына келтірілді

Үй тұрғындары ақпараттық жүйедегі қателіктер түзетілгеннен соң мемлекеттік қызметтерге қол жеткізе алатын болды, деп хабарлады Elordainfo.kz МҚІА Астана қаласы бойынша департаментіне сілтеме жасап. 

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментіне елорданың көппәтерлі тұрғын үйдің тұрғындары «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Астана қаласы бойынша филиалы қызметкерлерінің әрекеттеріне шағымдалды. 

«Шағымды қарау барысында филиал қызметкерлерімен жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу кезінде «Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры» дерекқорында қате мәліметтер, атап айтқанда жылжымайтын мүліктің мекен-жайы мен обьектінің түрі енгізілген. Департаментпен қабылданған шаралардың қорытындысы бойынша тұрғындардың бұзылған құқықтары қалпына келтірілді, дерекқордағы қате мәліметтер түзетіліп, сәйкестікке келтірілді, осылайша көппәтерлі үйдің тұрғындары мүліктің меншік иелері бірлестігін тіркеу және басқа қызметтер алу үшін өтініш бере алады», - деп жазылған Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті таратқан хабарламада.

Сонымен қатар, мемлекеттік қызметтерді алу кезінде құқықтар бұзылған жағдайда Департаментке жазбаша түрде немесе «электрондық үкімет» порталы, «E-Otinish» платформасы, сондай-ақ Egovkzbot 2.0 «Кеңес1414» жеделхат-боты арқылы электрондық түрде жүгіне аласыз.