МҚІА-да көлік құралдарын тіркеу саласындағы мәселелер қаралды
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде агенттік төрағасы Дархан Жазықбайдың төрағалығымен Сервистік мемлекеттік аппаратты қалыптастыру және оның қызметін бюрократиядан арылту мәселелері жөніндегі консультативтік-сараптамалық топтың кезекті отырысы өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Топ отырысына Көлік прокуратурасының, Көлік, Ішкі істер министрліктерінің, Техникалық реттеу және метрология комитетінің, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының лауазымды тұлғалары қатысты.
Отырыста халықаралық автокөлік тасымалдары және көлік құралдарын тіркеу саласындағы мемлекеттік қызметтер көрсету сапасына қатысты мәселелер қаралды.
Агенттіктің осы салада жүргізген бақылау іс-шаралары нәтижесінде мерзімдердің сақталмауы, артық құжаттардың талап етілуі, негізсіз бас тартулар және қызмет көрсету тәртібінің бұзылуына қатысты 1 800-ден астам бұзушылық анықталды.
Талқылау барысында өтінімдерді қарау мерзімдерінің кешігуіне және тасымалдаушылар жұмысының қиындауына себеп болып отырған ақпараттық жүйелердегі жиі техникалық ақаулар, уәкілетті органдар мен сала өкілдері арасындағы іс-қимылдардың жеткіліксіз ашықтығы және үйлесімсіздігі сынды жүйелі мәселелерге ерекше назар аударылды.
Отырыстың қорытындысы бойынша ақпараттық жүйелердің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету және оларды интеграциялау бойынша нақты ұсыныстар айтылды.
Айта кетейік, агенттік мемлекеттік қызметтер сапасын бақылау және қызмет алушылардың құқықтарын қорғау бағытында жүйелі жұмыс жүргізуді жалғастырады.