Әртүрлі

Ұлытау облысында қылмыстық топтар ұсталды – ІІМ

Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС қауіпсіздік қызметімен бірлесіп, қымбат металл қорытпаларын ұрлауды жолға қойған қылмыстық топ әрекетінің жолын кесті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Топқа аталған кәсіпорынның қызметкерлері де кірген. Бұл туралы Polisia.kz мәлімдеді.

«Күдіктілер кәсіпорыннан 6,5 млн теңге өнімін ұрлау кезінде ұсталды. Қазіргі уақытта олардың басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.

Сондай-ақ полиция 2022 жылдың наурыз айында жергілікті кәсіпкерден 20 млн теңге бопсалаған тағы бір топ мүшелерін құрықтады. Жәбірленушіні жалдамалы пәтерге алдап алып келіп, физикалық күш қолданып, қару-жарақпен қорқыту арқылы ақша талап еткен.

Жергілікті криминалитеттен құралған қылмыстық топ анықталды. Оған қатысушылар қазіргі уақытта басқа қылмыстар жасағаны үшін жазасын өтеп жатыр. Кісі өлтіруге оқталу әрекеті жасалған тапанша тәркіленді. Көрсетілген фактілер бойынша барлығы 17 адам ұсталып, ішкі істер органдарына жеткізілді. 20-дан астам тінту шаралары өткізілді, нәтижесінде 5 атыс қаруы, оқ-дәрілер, пышақтар және экстремистік сипаттағы діни әдебиеттер тәркіленді.

Барлық факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде», - деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басқарма бастығы Қуандық Алпыс.