Ұлытау облысында полиция күдіктілерден 15 келі марихуана тәркіледі
Ұлытау облысында полиция күдіктілерден марихуана тәркіледі, деп хабарлады Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Полиция қызметкерлері Жезқазған – Қызылорда тас жолында көлікті тоқтатып, сату үшін басқа өңірлерден әкелінген ірі көлемдегі есірткіні анықтады. Облыстық ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері арнайы бөлімшелермен бірлесіп, «Қарасора — 2025» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында Mercedes-190 көлігін тоқтатты.
«Көліктің жүксалғышын тексеру кезінде газ жабдығының астынан скотчпен оралған екі целлофан қап табылды. Ішінен ерекше иісі бар өсімдік тектес зат шыққан. Сараптама тәркіленген заттың жалпы салмағы 15 келі болатын марихуана екенін растады. Тергеу мәліметінше, есірткі басқа өңірлерден әкелініп, кейін сату үшін жоспарланған. Қара нарықтағы мұндай партияның бағасы шамамен 3 миллион теңгеге бағаланады. Есірткіні сақтау және тасымалдау күдігімен 43 және 27 жастағы екі адам ұсталды. Оларға қатысты ҚР Қылмыстық кодексі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», - деп жазылған хабарламада.