Әртүрлі

Ұлттық ұланның офицері көпқабатты үйдегі өрттің алдын алды

Қызылордада  Ұлттық ұланның 5547 әскери бөлімінің әскери жасақтар бойынша кезекшісі капитан Абай Жандар қызмет атқару барысында қырағылық пен жеделдікті танытып, көпқабатты үйдегі өрт салдарынан болуы мүмкін қайғылы жағдайдың алдын алды, деп хабарлады Elordainfo.kz Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әскери жасақтарды тексеру барысында ол көпқабатты үйлердің бірінің жертөлесінде өрт шыққанын байқаған.

«Жағдайды бағалап, тез арада өрт сөндіру қызметіне қоңырау шалып, тұрғындарды сыртқа шығара бастадым. Кіші сержант Сергей Образцов пен қатардағы жауынгер Дамир Бисенбаевтың көмегімен үйді қоршауды ұйымдастырдық. Басқа әскери қызметшілер тұрғындарды өрт аумағынан қауіпсіз қашықтыққа апарып, қауіпсіздіктерін қамтамасыз етті», - деді капитан Абай Жандар.

Оқиға орнына келген өрт сөндірушілер қызыл жалынды сөндіріп, сын сағаттағы жедел әрі кәсіби іс-қимылдары үшін ұландықтарға алғыс білдірді.

ІІМ Ұлттық ұланы әскери қызметшілері мен өрт сөндіру мамандарының үйлесімді жұмысының нәтижесінде зардап шеккеендер жоқ және заттарға залал келмеді. Үй тұрғындарының айтуынша, капитан Абай Жандардың және оның қарамағындағы сарбаздардың әрекеттері үрей тудырмай, эвакуация кезінде тәртіпті қамтамасыз етті.

«Біз Ұлттық ұлан жауынгерлерінің қайсарлығы мен жедел көмектері үшін ризашылығымызды білдіреміз. Олардың кәсібилігінің арқасында біз аман қалдық», - деді үй тұрғындарының бірі.

Қазіргі кезде өрттің неден шыққаны анықталып жатыр.