Әртүрлі

Ұлттық ұланның 450 сарбазы салтанатты түрде әскери ант қабылдады

Қарағанды қаласында орналасқан ҚР ІІМ Ұлттық ұланының «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6505 әскери бөлімінде әскери ант қабылдау салтанатты рәсімі өтті. Іс-шараға еліміздің барлық өңірлерінен келген 450-ге жуық жас сарбаз қатысты, деп хабарлады Elordainfo.kz.   

Бұл сәт олардың әскери өмірдегі алғашқы қадамы және Отан алдындағы қасиетті борыштарын атқарудың бастауы болды.

Әскери ант – әр жауынгер үшін үлкен жауапкершілік пен адалдықтың символы. Салтанатты іс-шарада сарбаздар Қазақстан Республикасы мен оның халқына жанқиярлықпен қызмет етуге дайын екендіктерін ресми түрде мәлімдеді.

Айтулы рәсімге сарбаздардың ата-аналары, туыстары мен жақын достары шақырылды.  

Әскери бөлімнің командирі, полковник Мақсат Қырғызбаев пен шақырылған қонақтар әскердегі қызмет – құрметті және маңызды міндет екенін атап өтіп, сарбаздарға жылы лебіздерін білдірді.

– Әскери ант қабылдау сәті әр сарбаздың жүрегінде мәңгі қалады. Отан қорғаушы болу – батылдықты, табандылық пен адалдықты талап ететін асыл миссия, – деді полковник Мақсат Қырғызбаев.

Айта кету керек, қатарға жаңадан қосылған жас Отан қорғаушылар енді түзеу мекемелеріндегі қауіпсіздікті күшейтуге қатысатын болады.

Іс-шара соңында бөлім командирі ата-аналарымен жүздесіп, сұрақтарына жауап берді. Ант қабылдаған сарбаздар жақындарымен уақыт өткізуге босатылды.