Әртүрлі

Ұлттық ұланда алғаш рет ағайынды екі жауынгер Күрең берет иегері атанды

Алматы облысындағы Алатау қаласында орналасқан Ұлттық ұланның 6654 әскери бөлімінің базасында «Күрең берет-2025» сынағы өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.  

Биылғы додаға «Бүркіт» арнайы жасағының жүзге жуық жауынгері қатысып, олардың ішінен бар болғаны 13-і ғана сыннан сүрінбей өтіп, Күрең берет иесі атанды. Сол үздіктердің қатарында алғаш рет ағайынды екі жігіт те бар. 

Ағайындылардың үлкені бұл мәртебелі сынаққа үшінші рет қатысып отыр. Бұған дейін екі мәрте сәтсіздікке ұрынғанымен, биыл ол өзіне үлкен мақсат қойып, қажыр-қайраты мен табандылығының арқасында арманына жетті. Ал оның інісі алғашқы талпынысынан-ақ биік белесті бағындырды.

«Біз үшін Күрең берет – жай бас киім емес, ол – намыс пен абыройдың нышаны. Оған лайық болу үшін өзіңді күн сайын шыңдап, бар күш-жігеріңді сарқа жұмсау қажет. Әсіресе екінші кезең ерекше ауыр тиді. Соған қарамастан, қиындыққа төтеп беріп, ініме үлгі болуға тырыстым», - деді ағайынды жауынгерлердің үлкені.

Негізгі кезең барысында үміткерлер «Сулы және батпақты аумақтан өту», «Ор қазу», «Жер бауырлап жылжу», «Жаралы қаруласын сүйреп өту», «Түтін арасынан шығу» секілді сынақтардан өтті. Бұл жаттығулар кезінде жауынгерлердің тек дене қуаты ғана емес, рухы мен төзімі де сынға түсті. Күрең беретке қол жеткізу үшін бір ғана күш жеткіліксіз – әрбір секунд, әр қимыл мен шешім өмір мен өлімнің арасындағы сәтпен бағаланады.

Сынақтың шешуші күні жауынгерлер ұзақ жорық жолын артта қалдырып, норматив бойынша оқ-дәрі тасымалдау және жұппен кедергілер жолағынан өту тапсырмаларын орындады. Қарша бораған оқтың астында шыңдалып, бірнеше күн бойы өздерімен бірге жүрген қаруларынан оқ атты. Ең соңында олар жекпе-жекке шығып, өзара күш сынасты.

Қиын сынақты абыроймен еңсерген 13 жауынгер Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Аңсаған Балтабековтің қолынан Күрең береттерін алды.

«Бүгін бір шаңырақтың екі баласы Күрең берет иегері атанып отырмыз. Бұл – біздің әулетіміз үшін ерекше қуаныш әрі мақтаныш. Мен үшін бұл берет – бауырластық пен ерліктің белгісі», - деді алғашқы талпынысында-ақ Күрең беретке қол жеткізген арнайы жасақ жауынгері.

Бүгінде Күрең берет иегерлері – Ұлттық ұланның ең таңдаулы әрі сенімді күші. Олар ел қауіпсіздігі мен қоғамдық тыныштықты қорғауда әрдайым алдыңғы шепте.

Айта кетейік, биыл Күрең берет сынағы дәстүрлі түрде 25-ші рет өткізілді.