Ұлттық ұлан сарбазы Абайдың 50 өлеңін жатқа біледі
Абай күні қарсаңында Шымкенттегі 6506 әскери бөлімінде борышын өтеп жүрген сарбаздар рухани мұраны ұлықтауды ұмыт қалдырған жоқ, деп хабарлады Elordainfo.kz Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мегаполистің тыныштығын күзетіп жүрген қатардағы жауынгерлердің арасында Абай шығармашылығына жастайынан құмар болып өскен жігіттер бар. Солардың бірі – қатардағы Бақытжан Артықбай.
Бала күнінен әдебиетке әуес болған Бақытжан бастауыш сыныптан бастап Абай Құнанбайұлының өлеңдерін жаттап өскен. Кейін республикалық Абай оқуларына қатысып, бас жүлдені қанжығалаған. Бүгінде ол ақынның 50-ден астам өлеңін жатқа біледі.
«Абайдың сөзі – адамгершілік пен парасаттың мектебі. Қатарыммен сап түзеп, ел тыныштығын күзетіп жүргеніммен, бос уақытымда Абай өлеңдерін қайталап, ішкі жан-дүниемді тәрбиелеуге тырысамын. Оның әр жолынан рухани тереңдік, тәрбие мен тағылым сезіледі», - деді ұландық.
Ұлттық ұлан сапында Абай мұрасын қадір тұтатын тағы бір сарбаз – қатардағы Жұлдызбек Ромашев. Ол да Абай оқуларының республикалық деңгейдегі жүлдегері. Анасы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болғандықтан бала кезінен Абайдың өлеңдеріне қанық болып өскен.
Бүгінде қос сарбаз тек әскери міндетпен шектелмей, руханиятқа да үлес қосып жүр. Абайдың асыл сөзін құрбы-құрдастары арасында дәріптеп, өлеңдерін жатқа айтып жүр.
Айта кетейік, биыл ұлы ақынның туғанына 180 жыл толады. Осы орайда Ұлттық ұланның әскери бөлімдерінде дәстүрлі Абай апталығы мен поэзия кештері ұйымдастырылады.