Әртүрлі

Ұлттық ұлан сарбаздарына білім беру гранттары табысталды

Орал қаласында орналасқан ІІМ Ұлттық ұланы 5517 әскери бөлімінің сарбаздарына еліміздің жоғары оқу орындарына түсу үшін арнайы сертификаттар табысталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Тегін білім алуға мүмкіндік беретін гранттар жауынгерлік қызмет және жауынгерлік даярлық барысында ерекше көзге түскен сарбаздарға беріледі. Отан алдындағы борышын атқару барысында үздік леп танылған ұландықтарға Қорғаныс министрлігінің атынан бөлінген сертификаттары әскери бөлім алаңында салтанатты түрде табыс етілді. Грант иегері атанған сарбаздардың бірі қатардағы Марғұлан Оразбеков өзінің қуанышымен бөлісті.

«Мен Ұлттық ұлан қатарында азаматтық парызымды атқара жүріп, «Срочник.2» бағдарламасымен жастайымнан армандаған ЖОО-на түсуге мүмкіндік алдым. Болашағыма жол ашуға және Отан қорғаушы ретінде қалыптасуға көмектесіп, өз тәжірибелерімен бөліскен командирлеріме ерекше алғысымды айтамын», - деді болашақ студент қатардағы Оразбеков. 

Ол енді еліміздің беделді оқу ордаларының бірі — Алматы қаласында орналасқан Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне оқуға түсуді жоспарлап отыр.

Айта кетейік, грант иегері атанғандар енді еліміздегі таңдаулы оқу орындарына ұлттық бірыңғай тестілеуден өтпей-ақ түсе алады.

«Әскери бөлімде, бөліністерде взвод және рота командирлері жауынгерлік даярлық журналдарының есебін жүргізіп отырады. Онда сарбаздардың сабақ үлгерімі, белгіленген нормативтерді орындау нәтижелері және жеке басының тәртібі ескеріледі. Осылардың нәтижесінде ай сайын барлық оқу пәндері бойынша олардың ағымдағы баға көрсеткіші рейтингі шығарылып, барлық деректер электрондық платформаға жазылады», - деді бөлім командирінің орынбасары майор Дәурен Рахимбеков.

Сертификат табыстау рәсімінен кейін білім гранттарының иегерлері естелікуе суретке түсіп, әскери бөлім басшылығына өз ризашылықтарын білдірді.