Ұлттық Ұлан батырына арналған «Ерлік сыныбы» ашылды
Талдықорған қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы №10 орта мектеп-гимназиясында Ұлттық ұлан батыры, ІІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері қатардағы Айбат Амановқа арналған «Ерлік сыныбының» ашылу салтанаты өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аталған іс-шараға батырдың жақындары, 5514 әскери бөлімнің басшылығы мен жеке құрамы, мектеп оқушылары, қала әкімдігінің, құқық қорғаушы органдарының және Қарулы күштер өкілдері мен ардагерлері қатысты.
«Ұлтық ұлан батыры Айбат Амановтың ерлігі ұмытылмайды. Мектепте ұландық батырдың есіміне сыныптың берілуі оқушылардың батыр, патриот болып өсулеріне өз септігін тигізетініне кәміл сенемін»,- деді Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстары жөніндегі орынбасары полковник Ниязтай Әлкешев.
Қатардағы Айбат Ерболұлының анасы Гүлназ Әлкенқызы ұлы туралы өз естеліктерімен бөлісті.
«Ерлік сыныбының» лентасын Талдықорған қаласының әкімі Ернат Дүйсенбекұлы мен полковник Ниязтай Болатұлын және Айбат батырымыздың әпкесі Инабат Ерболқызы қиды.
Оқушылар сөз сөйлеп, Айбат Амановқа арналған өлеңдерін оқыды.
Полковник Ниязтай Әлкешев арнайы «Жас бүркіт» сыныбының символикасы бейнеленген шеврондар мен Ұлттық ұланның формасын және «Бүркіт» журналын табыстады.
«Айбат екеуміз қатар өстік. Ол әскерге барып, кейін Астанада әскери қызметті жалғастыруды армандады. Осындай шараға қолдау көрсеткен Ұлттық ұлан басшылығына, қала әкімдігі мен мектеп директоры Айжан Жұмаділовға алғысымды айтамын»,- деді әпкесі Инабат Аманова.
«Ерлік сыныбының» ашылу салтанаты аяқталған соң шақырылған қонақтар мектептің 1 қабатында орналасқан «Акт залына» түсті. Онда сыныптың ашылуына атсалысқан бірқатар лауазымды тұлғаға Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары -Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-майор Аңсаған Балтабековтың құқығымен алғыс хаттар табысталды. Әкімдік тарапынан Айбат Амановтың анасы Гүлназ Әлкенқызына да естелік сыйлықтар табысталды.