Әртүрлі

LRT-ның бұрынғы басшысы Талғат Арданға қатысты сот үкімі шықты

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты ауыр салдарға алып келген лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланды деп айыпталған Талғат Арданға қатысты үкімді жариялады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Іс сотталушыға қатысты халықаралық іздестіру жарияланғандықтан оның қатысуынсыз сырттай қаралды.

«2016 жылғы 22 желтоқсанда «LRT» ЖШС-нің бұрынғы басқарма төрағасы А. қызметтің мүдделеріне қайшы лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалана отырып, нақты қажеттіліксіз LRT құрылыс жобасы бойынша Қытайдың мемлекеттік даму банкінен сыртқы қарыздың бірінші траншы ретінде 257,6 млн. АҚШ долларын заңсыз сұратқан. Қаражат түскен сәттен бастап олар жоба бойынша пайдаланылмаған. 2018 жылғы 26 қарашада Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен Банктің қызметі мәжбүрлі түрде тоқтатылды», - делінген Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты таратқан хабарламада.

Осылайша, аталған жобаны іске асыру бұзылды, ҚМДБ-нен алынған қарыз қаражаты ЖШС-ге қайтарылмады және ақшалай қаражат нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмай, «City transportation systems» ЖШС-не 85 млрд. теңгеден астам шығын келтірілгендіктен, оның әрекеттері ауыр салдарға алып келді.

«Сондай-ақ, А. бұрын Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 03.05.2023 жылғы үкімімен аса ірі мөлшерінде бюджет қаражатын талан-таражға салғаны үшін сырттай мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырыла отырып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сотталушының кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, сарапшылар мен мамандардың қорытындыларымен, қылмыстық істің материалдарымен расталды. Сот үкімімен А. ҚК 361-бабы 4-бөлігінің 3) тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды және ҚК 58-бабының 6-бөлігі қолданылып, соттың 03.05.2023 жылғы үкімі бойынша тағайындалған жазаны ішінара қосу арқылы түпкілікті мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», - деді Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты.

 Сонымен қатар, А.-дан «City transportation systems» ЖШС-нің пайдасына 85 млрд. теңгеден астам материалдық шығын өндірілді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.