Әлішер Құрахмедов: АЭС-те апат болу ықтималдығы өте төмен
Ядролық физика институты Астана филиалы ДЦ-60 циклотронының технологиялық қызмет бастығы Әлішер Құрахмедов АЭС-тің жаңа буынының қауіпсіздік деңгейі жоғары екенін, сондықтан оның айтарлықтай сенімді энергия көзі саналатынын жеткізді. Олардың қауіпсіздік жүйесі жақсартылған. Кез келген апатты жағдайда актив және пассив қорғанысқа ие болады.
«Жалпы АЭС-те апат болу ықтималдығы өте төмен. Себебі оны салу барысы МАГАТЭ-нің қатаң халықаралық стандарттарын сақтай отырып реттеледі. Атом электр стансасы көмірқышқыл газ қалдықтарын шығармайды. 1 келі ядролық отынды жағу 2 вагон көмір жаққанмен бірдей. Сондықтан АЭС те – жел, күн, су сияқты жасыл энергия көзі. Көптеген елдерде АЭС-тің салқындатқыш су қоймалары балықшылардың ең сүйікті орны екенін атап өткен жөн. Себебі судың жоғары температурасына байланысты онда балықтардың сан алуан түрлері көп жүреді», - деді спикер.
Әрі бұл - су да таза, радиоактивті ластануға жол берілмейтінінің айғағы.
«Атом электр стансасын салу арқылы біз энергетикалық тәуелсіздігімізді қамтамасыз етеміз. АЭС көмір, газ, күн, жел мен су энергиясымен бірге еліміздің кешенді энергия жүйесін қалыптастырады. Әрине, жаңғыртылған энергия көздерін де дамыту керек, онсыз болмайлы. Алайда олардың қызмет ету мерзімі қысқалау. Оның жұмысы ауа-райы жағдайына тәуелді екенін білесіздер», - деді ол.
Оның айтуынша, энергия тапшылығы әсіресе Қазақстанның оңтүстігінде қатты байқалады.
«Себебі ол жақта халықтың басым бөлігі тұрады. Оның үстіне электр энергиясын өндіретін негізгі көздер солтүстікте орналасқан. Солтүстіктен оңтүстікке электр тарату желілері арқылы энергияның ауқымды көлемі таратылады. Әрине алыстан энергия тасымалдағанда энергия босқа шығын болады. Сондықтан тиімділік тұрғысынан алғанда энергия көзі тұтынушыға мейлінше жақын болғаны жөн. Сол себепті АЭС салуға тиімді орын ретінде Үлкен ауылы алынып отыр», - деді спикер.
Райхан Рахметова