Әртүрлі

Ұландықтар халықаралық жарыстың жүлдегері атанды

Қазақстандық семсерші, дене шынықтыру және спорт бойынша аға маман ефрейтор Руслан Құрбанов Боготада (Колумбия) өткен қылышпен семсерлесуден беделді Гран-придің күміс жүлдесін иеленді, деп хабарлады Elordainfo.kz Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жартылай финалдық жекпе-жекте Руслан Құрбанов Өзбекстан елінің өкілі Вадим Анохинді 15:14 есебімен жеңіп, жекпе-жектегі шеберлігін көрсетті. Ақтық сында ол жапондық Акира Коматамен кездесіп, 10:15 есебімен жеңілді. Десек те, ол  екінші орынға тұрақтады. Қола жүлдені Вадим Анохин мен француз Луиджи Мидельтон өзара бөлісті.

Дене шынықтыру бойынша аға маман ефрейтор Ерлік Сертай да кәсіби қабілетін танытып, Гран-придің ең мықты он спортшысының қатарына енді. Дода нәтижесінде ол сегізінші орыннан табылды.

Ұландықтардың халықаралық аренадағы жетістіктері — Ұлттық ұлан қатарында спортты дамытуға бағытталған қажырлы жаттығулардың, нұсқаушылардың кәсібилігінің және жүйелі жұмыстың нәтижесі. Осы деңгейдегі жарыстарға қатысу жауынгерлік рухты нығайтады, сондай-ақ әскери қызметтің беделін арттырады.