Ұландық Абай мұрасын насихаттауға арналған байқауда жүлдегер атанды
Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай Ақтөбе облысында «Талап, еңбек, терең ой» атты мәдени-ағартушылық байқау өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Іс-шараға өңірдегі түрлі этномәдени бірлестіктің өкілі қатысты. Мұнда қатысушылар Абайдың өлеңдерін нақышына келтіріп, мәнерлеп оқыды.
Байқау қорытындысы бойынша ІІМ Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6655 әскери бөлімінің әскери қызметшісі ефрейтор Анатолий Галкин жүлделі екінші орынды иеленді.
Қазылар алқасы ұландықтың мемлекеттік тілді еркін меңгеруін және ақын мұрасына жасаған талдауын ерекше атап өтті. Ефрейтор Галкиннің өнер көрсетуі этносаралық татулықтың, азаматтық кемелдіктің және Қазақстанның рухани құндылықтарына деген құрметтің айқын көрінісі болды.
«Абай мұрасы — барлық буынға арналған сарқылмас рухани қазына. Оның идеялары – тәртіпке, адамгершілікке және өзін-өзі дамытуға ұмтылған әрбір жанға жақын», - деді Анатолий Галкин.
Мұндай бастамалар мемлекеттік тіл саясатын іске асыруға, этносаралық диалог мәдениетін дамытуға және жалпыұлттық бірлікті нығайтуға өз септігін тигізеді.