Әртүрлі

Конституция күні: 220-дан астам әскери қызметші марапатталды

Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығының ғимаратында Конституция күніне арналған мерекелік іс-шара өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Салтанатты жиынға Бас қолбасшылықтың жеке құрамы сондай-ақ құқықтық тәртіп әскерлерінің ардагерлері қатысты. Бұл туралы Ұлттық ұланның баспасөз қызметі мәлімдеді.

Салтанатты іс-шара Үлгілі-көрсетілімді оркестрдің сүйемелдеуімен Қазақстан Республикасының Әнұранын шырқаудан басталды. Еліміздің Ата заңы жайлы бейнеролик көрсетілді. Кейін  Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Еркін Ботақанов сөз сөйледі.

«Жыл сайын 30 тамызда бүкіл ел Конституция күнін, мемлекетіміздің Ата заңы қабылданған күнді атап өтеді. Ұлттық ұланның әскери қызметшілері мемлекетіміздің тұрақтылығы мен өркендеуінің кепілі бола отырып, елдің конституциялық құрылысын қорғайды. Әскеріміздің жеке құрамы орындайтын барлық қызметтік-жауынгерлік міндеттер азаматтардың мүдделерін сақтауға, қауіпсіздікті, заңдылықты қамтамасыз етуге, адам мен азаматтың бостандықтарына қылмыстық және өзге де құқыққа қарсы қол сұғушылықтардың алдын алуға бағытталған. Біздің жауынгерлер өздеріне жүктелген міндеттерді лайықты орындайды. Бүгінде Конституциялық қағидаттарды іске асырудағы негізгі факторлардың бірі патриотизм, әділдік, еңбекқорлық, ел алдындағы жауапкершілік сияқты асыл қасиеттерді өз бойымызға сіңіруден басталады», - деді Еркін Советбекұлы.

Мерекелік жиында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің және Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының бұйрықтары бойынша қызметтік міндеттерін адал атқарып жүрген және қызметте үздік нәтижелерге қол жеткізген 220-дан астам әскери қызметші медальдармен, төсбелгілермен және грамоталармен марапатталды.

Мерекелік іс-шара Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұлан Ән-би ансамблінің патриоттық тақырыпта дайындаған концерттік бағдарламасымен аяқталды.