Әртүрлі

Kids Go Free: 2 100-ден астам бала ел ішінде тегін саяхаттады

Биыл Kids Go Free мемлекеттік бағдарламасы аясында ел ішінде 2 172 бала тегін саяхаттады. Туроператорлар балалар әуе билетінің құнын қоспағанда, 415,6 миллион теңгеге тур сатқан. Мемлекет тарапынан 114,5 миллион теңге көлеміндегі әуе билетінің құны өтелді. Бұл жалпы сатылған турдың 28 пайызын құрайды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, бағдарлама ішкі туризмді және отбасылық саяхатты дамытуға бағытталған. Я,ни, қазақстандық отбасыларға елдің ең көркем және қызықты жерлерін көріп, тануға мүмкіндік береді.

Алакөл көлінің жағалауы Kids Go Free бағдарламасының ең көп сұранысқа ие бағыты ретінде алдыңғы қатарда тұр. Өткен жылмен салыстырғанда биыл Алакөлге сатылған турлар саны 20%-ға өскен. Яғни, биыл 700-ден астам бала Алакөлге тегін саяхаттаған.

Кейінгі сатыға Алматы мен Алматы облысының маңындағы аймақтар орналасқан. Аталған өңірге келушілер саны былтырмен салыстырғанда 24%-ға артқан. Биыл 330-дан астам отбасы Алматы мен Алматы облысына саяхаттаған. Балалар әуе билетінің құнын өтеу сомасы 41,6 миллион теңгені құраса, 135,3 миллион теңгеге турлар сатылған.

Щучье-Бурабай курорттық аймағы мен Астана қаласы да Kids Go Free бағдарламасының ең танымал бағыттарының бірі саналады. Мұнда жазғы және қысқы демалысқа сұраныс жоғары.

Айта кетейік, 2023 жылы бағдарлама аясында 920 турға өтінім мақұлданып, 1975 бала ел ішінде тегін саяхаттаған.