«Күмәнді сілтемелерге өтпеңіз»: Қаржы министрлігі жалған ақпараттарға сенбеуге шақырды
ҚР Қаржы министрлігі ведомствоның қолдауымен «жаңа қаржы бағдарламасы» жүзеге асырылып жатқаны туралы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын әрі жалған екенін мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«ҚР Қаржы министрлігінің жарияланған ақпараттарға қатысы жоқ екенін, сондай-ақ жекелеген сайттар, мессенджерлер немесе әлеуметтік желілер арқылы азаматтарға төлемдерді жасамайтынын, инвестициялар немесе гранттар бойынша бағдарламаларды жүргізбейтінін айта кетейік», - делінген министрліктің хабарламасында.
Мемлекеттік органдардың барлық бастамасы тек ресми ресурстарда жарияланады.
«Бұл орайда азаматтарды күмәнді сілтемелерге өтпеуге әрі жеке мәліметтерді енгізбеуге, сондай-ақ белгісіз тұлғалардың шоттарына ақша аударудан сақ болуға шақырамыз!
Күмәнді схемалар анықталған жағдайда құқық қорғау органдарына немесе «1414» Бірыңғай байланыс орталығына хабарласып, аталған фактілер жөнінде жеткізуге кеңес береміз», - деді ведомстводан.