Көлік нөмірін қағазбен жауып қойған азамат жүргізуші құқығынан айырылды
Жуалы ауданындағы полиция қызметкерлері Алматы облысының тұрғынын мемлекеттік тіркеу нөмірлері оқылмайтын автокөлікті басқарғаны үшін ұстады, деп хабарлады Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Sitrak көлігі Батыс Еуропа – Батыс Қытай республикалық маңызы бар жолының 564-шақырымында тоқтатылды. Тексеру барысында жүргізуші мемлекеттік нөмірлердегі әріптерді қызыл қағазбен жауып тастағаны анықталды.
«Ол тауарды Ташкент қаласынан Алматы облысына тасымалдаушы екен. Ер адамға қатысты мемлекеттiк тiркеу нөмiрi белгiсiн сәйкестендіруге кедергі келтіретін не олардың түрін өзгертетін немесе жасыратын құрылғылар мен материалдар қолданыла отырып жабдықталған көлiк құралын басқару бойынша хаттама жасалды. Көлік айып тұрағына қойылды. Сот шешімі бойынша ер адамға қатысты бір тәулікке қамауға алу және 1 жылға жүргізуші куәлігінен айыру жазасы тағайындалды», - деп жазылған хабарламада.