Әртүрлі

Көкарал дамбасын қайтадан жаңғырту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз – министр

Бүгін Үкімет отырысында Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов  су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовке Арал теңізі маңындағы тұрғындардың жағдайы мен теңіз суына қатысты қазіргі жобалар туралы сұрақ қойды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Арал бойынша жақын уақытта шешім қабылданады деп халық сізден жауап күтіп отыр. Сол өңірде 200 мың халық тұрады. Аралда 80 мың адам, ал оның маңында 52 мың адам тұрады. Олар балық аулап, соның нанын жеп отыр. Менің түсінгенім, осы бойынша әртүрлі жоба бар. Қазіргі жоба қалай болады? Сол маңдағы халықтың болашағы қалай болады?», - деді Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов.

Бұл сауалға су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов жауап берді.

«Арал теңізі бойынша сіздермен бірнеше рет кездестік. Өзім Қызылордаға барып, тұрғындармен жолықтым. Көптеген сарапшының ұсыныс-пікірін тыңдадық. Жалпы бүгінгі күні Сырдария өзені бойынша судың жағдайына байланысты талдау жүргіздік. Мысалы, 2000 жылдан бастап  2020 жылға дейін орта есеппен Сырдария өзені бойынша Шардара су қоймасына кем дегенде 17-18 млрд текше метр су келетін. 2020 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін бұл келіп жатқан су көлемі 13-14 млрд текше метрге түсті. Сарапшылардың айтуынша, Орталық Азияда 2040 жылға дейін су тапшылығы 12-14 млрд текше метр су тапшылығы болады. Сондықтан бірінші кезеңде суды сақтап қалу үшін Көкарал дамбасын биіктету. Біз оны қайтадан жаңғырту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Ал 2026 жылы оны толық аяқтаймыз», - деді министр.

Көкарал дамбасы тағы 2 метрге биіктететіледі.

«Біз қазір мынандай шешімге келіп отырмыз. Аманөткел гидроторабы міндетті түрде салынады. Себебі Арал маңындағы жүйелерге су беру үшін ондай нысан керек. Екіншіден, коллекторлық суды Үлкен Аралға жіберу үшін Қызылорда каналын жүргіземіз. Үшіншіден, Көкарал дамбасын тағы да 2 метрге көтереміз. Осы жұмыстардың нәтижесінде қосымша 7 млрд текше метр су жинауға мүмкіндік туады. Егер қазір Көкарал тоспасының арқасында 27 млрд текше метр су жинақталса. Қазір 23,7 млрд текше метр су бар онда. Соңғы екі жылда Аралға 4 млрд текше метр су жеткіздік. Сонда қазіргі су жинақтау мүмкіндігі 27 млрд текше метр. Енді оған тағы 7 млрд текше метр сыйымдылық қосылады да, 34 млрд текше метрге жетеді. Келетін судың көлемі артып жатса, әрі қарай да жұмыс істейміз. Дүниежүзілік банкпен осы жөнінде келіссөздер жүргіздік. Жобалық-смета құжаттарын қайта әзірлеп жатырмыз. Биыл мемлекеттік сараптамадан өткізу жоспарымызда бар.  Дүниежүзілік банкпен қаражат бөлу жұмыстарына кірісеміз», - деді министр.