Әртүрлі

Ішкі істер министрлігі жүргізушілерге үндеу жасады

Қазақстан аймақтарында ауа райының қолайсыздығына байланысты Ішкі істер министрлігі жол қозғалысына қатысушыларға үндеу жасап, сақ болуға кеңес берді, Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

«Ауа райының күрт өзгеруіне байланысты жолдарда көру мүмкіндігі төмендейді. Тайғақ, мұзды жерлер апатқа әкеп соғуы мүмкін. Сондай-ақ ауа райының бұзылуы көлік құралына да әсерін тигізетінін ескеру қажет», - деді ІІМ әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.

Ведомствода бірқатар ұсыныстар айтылды:

-Көліктің техникалық жағдайын, тежеу жүйесінің жұмысын қараңыз. Терезе тазалағыш щеткалар, сондай-ақ сұйықтықтың деңгейін тексеріңіз!

-Қысқы доңғалақтарды қолданыңыз! Ол қауіпсіздікті қамтамасыз етеді және дөңгелектерге жолда сырғанауға қарсы тұруға мүмкіндік береді. Техникалық регламентке сәйкес қысқы кезеңде қысқы шиналармен жабдықталмаған көлік құралдарын пайдалануға тыйым салынады!

-Қашықтықты сақтаңыз! Әсіресе қыс мезгілінде алда келе жатқан көлік құралына дейінгі үлкен ара қашықтықты ұстаныңыз. Тайғақ жолда тежеу жолы бірнеше есеге артады, сондықтан тежегішті баяу басқаныңыз дұрыс.

-Жол жүрісіне қатысушылардың барлығына мұқият болыңыз! Жаяу жүргіншілерге де назар аударыңыз. Есіңізде болсын, кішігірім қателіктің арты ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.

-Ауа райының қолайсыздығын ескере отырып, жылдамдықты шамадан тыс асырмаңыз! Жылдам жүрістің кесірінен көлік басқару кезінде бақылауды жоғалтуыңыз мүмкін. Жүрер жолыңызды алдын ала жоспарлаңыз!

-Ауа райы болжамын бақылап, қала маңындағы жолдардың жабылуы туралы хабарламаларды мұқият қадағалаңыз.

-Егер жолдар жабық болса, елді мекендерден тыс жерлерге шығуды шектеңіз. Құрметті жол жүрісіне қатысушылар!

«Жол ережелерін сақтау – сіздің жауапкершілігіңіз. Өзіңіздің және өзгенің өміріне немқұрайлы қарамаңыз. Жолдағы қауіпсіздік шараларын және жол жүрісі қағидаларын сақтау өзіңізден басталады. Үйде жақындарыңыз күтіп отырғанын ұмытпаңыз!» – деп қоса кетті Боранова.