ІІМ мен ТЖМ күшейтілген жұмыс режиміне көшті
Қанат Бозымбаев Төтенше жағдайлар, Ішкі істер министрлігі және әкімдіктердің алдағы мереке күндері қауіпсіздікті қамтамасыз етуге дайындығын тексерді, деп хабарлады Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Вице-премьер қабылданып жатқан шаралар туралы жауапты министрліктер мен өңір әкімдіктерінің есептерін тыңдады.
Желтоқсанда өрт қауіпсіздігі айлығы басталды. Төтенше жағдайлар министрлігі алғашқы аптаның ішінде елді мекендердегі 2,5 мыңнан астам үйді қамтитын профилактикалық рейдтер өткізді. Пештер мен электр жүйелері тексеріледі. Сондай-ақ пиротехникалық бұйымдарды пайдалану ережелері түсіндіріледі. Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, «Пиротехника» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. 670 мобилді топ құрылып, пиротехниканы сақтау және тарату орындары бойынша 78 рейдтік іс-шара өткізілді. Рұқсат етілмеген сауда үшін 21 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Елге пиротехникалық өнімдерді заңсыз әкелу фактілерінің жолын кесу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мереке қарсаңында ІІМ мен ТЖМ қызмет көрсетудің күшейтілген жұмыс режиміне көшуде.
«Ойын-сауық және адамдар көп жиналатын орындарды алдын ала тексеру қажет. Өрт сөндіру құралдарынсыз бұқаралық іс-шаралар өткізуге рұқсат бермеу қажет. Адамдарды шұғыл эвакуациялау бойынша қызметкерлермен оқу-жаттығуларын өткізу керек. Сауда және ойын-сауық орталықтары, театрлар мен спорт кешендерінің паркингтеріне газ жабдықтары бар автокөліктердің кіруіне жол бермеуге ерекше назар аудару қажет. Біз төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша кешенді шаралар қабылдауымыз керек», — деп тапсырды Қанат Бозымбаев.
Вице-премьер Оқу-ағарту министрлігіне мен өңір әкімдіктеріне қысқы демалыс және жаңа жылдық мерекелер кезінде балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын лайықты ұйымдастыру тапсырылды. Сондай-ақ Мәдениет және ақпарат министрлігі халықты мереке күндеріндегі қауіпсіздік шаралары туралы кеңінен хабардар етуі керек.