Әртүрлі

ІІМ еуропалық құқық қорғау органдарымен ынтымақтастықты нығайтуға арналған құжатқа қол қойды

Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Ержан Саденов жұмыс сапарымен Франция Республикасына және Нидерланд Корольдігіне барып, еуропалық және халықаралық полиция құрылымдарының басшылығымен бірқатар екіжақты кездесулер өткізіп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жаңа сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады, деп хабарлады Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

Париж қаласында министр Франция Республикасының Ішкі істер министрі Брюно Ретайомен келіссөздер жүргізіп, 2009 жылдан бастап қолданыстағы Қылмыспен күрес туралы келісім аясындағы өзара іс-қимылдың жай-күйін қарады. Реадмиссия және көші-қон бақылауы саласындағы ақпарат алмасу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Өткен жылы қол қойылған Реадмиссия туралы келісімді іске асыруға өзара дайындық пысықталды. Француз тарапы Қазақстан азаматтары үшін Еуропалық одақ елдері тарапынан визалық режимді жеңілдету рәсімін қолдауға дайын екенін білдірді.

Екіжақты кездесу қорытындысы бойынша тараптар трансұлттық ұйымдасқан қылмыс, есірткі қылмысы, заңсыз көші-қон, экстремизм және интернет-алаяқтықпен күрес саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған Жол картасына қол қойды. Сондай-ақ Қазақстан делегациясы Париж қаласындағы жедел орталықтың, Арнайы мақсаттағы бригаданың және Франция ІІМ-нің киберорталығының жұмысымен танысты.

Лион қаласына сапары аясында министр Интерполдың бас хатшысы Вальдес Уркизамен кездесу өткізді. Халықаралық іздестіру, алаяқтық пен киберқылмысқа қарсы іс-қимыл саласындағы практикалық ынтымақтастық бағыттары талқыланды. Өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіру және ұйымның жаңа дерекқорларына қол жеткізуді кеңейту мәселелері қозғалды. Интерполдың бас хатшысы Қазақстан Республикасы ІІМ жанындағы Интерпол Ұлттық орталық бюросының тиімді жұмыс деңгейін жоғары бағалады.



Бұдан бөлек, Гаага қаласында Қазақстан Ішкі істер министрі Еурополдың атқарушы директорының орынбасары Андрей Линтамен кездесті. Киберқылмысқа, экстремизмге және заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл салаларындағы ынтымақтастық, сондай-ақ Еуропол арналары арқылы ақпарат алмасу мәселелері талқыланды. Қазақстан Республикасы ІІМ мен Еуропол арасындағы Операциялық келісімді әзірлеу рәсімін бастау туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл келісім Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттердің полиция құрылымдарымен өзара іс-қимылдың жаңа деңгейін ашады.