Әртүрлі

Халықаралық сарапшы Қазақстанның жаңа Су кодексіне жоғары баға берді

Халықаралық су ресурстарын басқару институтының Орталық Азия бойынша аға ғылыми қызметкері Искандар Абдуллаев Қазақстанда қабылданған жаңа Су кодексіне жоғары баға берді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Сарапшының айтуынша, Қазақстанның су заңнамасын жаңғыртуы – Орталық Азияның басқа елдері үшін оң бағыттағы үлгі.

«Жаңа Су кодексі – бұл Қазақстанның тәжірибесі мен үздік халықаралық тәжірибені біріктіретін кешенді құжат. Онда климаттың өзгеруін және су ресурстарының қалыптасу жағдайларының өзгеруін ескеретін көптеген жаңа элемент бар. Осы тұрғыдан алғанда, бұл құжат су заңнамасын жаңарту жолында Орталық Азия елдері үшін жақсы үлгі бола алады. Су шаруашылығы үнемі дамып отырады, онымен бірге жаңа сын-қатерлер де туындайды. Оларды еңсеру үшін мықты институционалдық негіз қажет, – деді Искандар Абдуллаев.

Айта кетейік, жаңа Су кодексі биыл 10 маусымнан бастап күшіне енді. Құжатты әзірлеу кезінде Су ресурстары және ирригация министрлігі бес негізгі принципке сүйенді. Олар: суды қоршаған ортаның ажырамас бөлігі, азаматтардың өмір сүру негізі және экономикалық дамудың іргетасы ретінде тану, суды қорғау және оның сарқылуын болдырмау, жерүсті және жерасты суын кешенді пайдалану, су үнемдеу технологияларын енгізу және климаттың өзгеруіне бейімделу, су қорын қорғау мен пайдалануға қоғамды тарту.