Халықаралық конференцияда өрт-құтқару спортын дамыту мәселелері талқыланды
Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында 17-21 қараша аралығында өткен өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың халықаралық спорт федерациясының XXV халықаралық конференциясы аяқталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Конференция барысында жарыстарды өткізу ережесіндегі маңызды өзгерістер, сондай-ақ төрешілер корпусын таңдаудағы жаңа тәсілдер талқыланды. Кәсіпқойлықтың жоғары деңгейін қамтамасыз ету мақсатында судьяларды даярлауға, оларды оқытуға және сертификаттауға ерекше назар аударылды. 2025 жылы халықаралық жарыстар мен әлем чемпионаттарын өткізу үшін бас төрешілер комиссиясы бекітілді.
Сонымен қатар Эр-Рияд қаласының 2025 жылғы қазан айының соңында ерлер арасында ХХ әлем чемпионатын және әйелдер арасында өрт-құтқару спортынан ХІ әлем чемпионатын өткізуге дайындығы расталды. Ұйымдастырушылар қатысушылар мен көрермендер үшін инфрақұрылымды, қауіпсіздік пен жайлылықты жақсарту жоспарларын ұсынды. Эр-Рияд позитивті имидж құру және іс-шараға халықаралық назар аудару үшін белсенді жұмыс істейді.
Естеріңізге сала кетейік, конференцияға 19 елден өрт-құтқару қызметтерінің, өрт-құтқару спорты қауымдастықтары мен федерацияларының басшылары қатысты. Қазақстан ТЖМ атынан Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Рамиль Камалов және Қазақстандық өрт сөндірушілер мен құтқарушылар спорт федерациясының атқарушы директоры Дәурен Данаев қатысты.