ҚХА қазақ тілін дамытуға қалай үлес қосып жатыр
Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан мемлекеттік тілді этностар арасында дамыту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz Ассамблеяның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Осы ретте ҚХА-ның «Мемлекеттік тіл – этносаралық қатынас тілі» жобасы аясында «Жайдарман» ойындарында «Ассамблея құрамасы» Ұлттық лиганың чемпионы болды.
Тілі бір, түрі басқа, тілегі ортақ этнос өкілдерінен құралған команданың қатарында өзбек, корей, славян және қырғыз жастары бар. Дарынды әрі талантты қыз-жігіттер республиканың түкпір-түкпірінен жиналған.
Күлкінің адам өмірінде атқарар қызметі мен пайдасы – көп. Мәселен, қазіргі уақытта әзілқойлар мен тапқырлардың ордасына айналған «Жайдарман» – нағыз жас дарындылардың мекені. Қоғамдағы түйткілді мәселелерді астарлы әзілмен жеткізетін жоба жастар арасында креативті платформалардың біріне айналған.
«Ассамблея құрамасы» командасының капитаны – «Қазақстан КВН Одағы» республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің Астана қаласы КВН өкілдігі басшысы Фурхат Курбанов. Ол іскерлігімен батыл қадам жасап, Ассамблеяның құрамасын жасақтауға атсалысты. Жан-жақтан көзге түсіп жүрген қабілетті жастардан команда құрды. Астанадан Денис Романов, Рахат Батырхан, Қызылордадан Алиби Басаров, Ақтаудан Андрей Передельский, Жетісудан Екатерина Подгорнова, Түркістаннан Бексұлтан Жолдықожаев, т.б. «Ассамблея құрамасы» мүшесі атанды.
Команданың әр жеңісі – оның мүшелерінің жемісті жұмысының нәтижесі. Жетекшісі Алиби Басаров Қызылорда облысы Қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры бола жүріп, әрбір ойынға белсенді түрде қатысып, барын салып ойнайды. Сахнада 15 жылдық тәжірибесі бар өнерпаздың «Ассамблея құрамасына» келуі де кездейсоқтық емес.
«Күлкі – өмірдің бір бөлшегі. Қоғамдағы күрделі мәселелерді әзілмен жеткіземіз. Бірақ ол шеберлік пен біліктілікті қажет етеді. Ең бастысы күлдіремін деп бүлдіріп алмау керек», - деді Алиби Басаров.
Spectrum халықаралық мектебінің қазақ тілі мұғалімі қызметін атқаратын Денис Романов та «Жайдарман» ойындарына қатысқан. Ол оқушы кезінде «Мың бір ел» іс-шарасы аясында этнос өкілдері арасында өткен «Жайдарман» ойынында үздік ойыншы атанған.
«Менің бүкіл өмірім көңілді тапқырлар клубымен байланысты деуге болады. 10-сыныпта бірінші рет көңілді тапқырлар клубында ойнадым. Содан бері қол үзген емеспін. 2019-2024 жылдар аралығында Павлодар білім-инновация лицейінде еңбек етіп жүріп, оқушылардан команда құрдым. Осылайша команданың авторы әрі жетекшісі болдым. Биыл Spectrum мектебінде түрлі этностан құралған команда жасақтадым. Олар аймақтық Көңілді тапқырлар лигасында өнер көрсетіп үлгерді», - деді Д.Романов.
Көпшілік арасында «Сары қыз» атанып кеткен Екатерина Подгорнова Талдықорған қаласының тумасы. Ол – командадағы жалғыз қыз. Қазіргі таңда Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университеті жанындағы колледждің соңғы курсында оқиды. 2022 жылы Жезқазған қаласында өткен «Жайдарман» ойындарында Жетісу облысының «Ассамблея жастары» мүшелері бірінші орын алады. «Сары қыз» сол ойында көзге түсіп, «Ассамблея құрамасына» қабылданды.
«Мен Жетісу облысындағы Абай ауылында өстім. Қазақ мектебінде білім алдым, достарым, көршілерім, таныстарым - барлығы қазақтар болды. Нәтижесінде мен қазақ тілін меңгеріп шықтым», - деді Екатерина Подгорнова.
«Малой» сахналық әзіл атымен танымал Андрей Передельскийдің де өзіндік орны мен көрермені бар.
«Қазақ тілінің әсіресе әзілдесуге ыңғайлы сөз орамдары жетерлік. Маған сахнада ойнау да, көрерменді күлкімен қуанту да ұнайды», - деді Андрей Передельский.
Алдағы уақытта «Жайдарман» үздіктері «Ассамблея құрама» командасының қатарын толықтыруды жоспарлап отыр. Сондықтан олар өңірлерге барып, талантты жастар арасында ойындар ұйымдастырады.