Фурманов айналма каналы 40 жылдан кейін тазартылып жатыр
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов азаматтарды қабылдап, су шаруашылығына қатысты қазақстандықтарды алаңдатқан сұрақтарға офлайн және онлайн форматта жауап берді, деп хабарлады Elordainfo.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Атап айтқанда, Жамбыл облысындағы Тасөткел су қоймасындағы су деңгейінің төмендеуі және Шу өзенінің суын Түркістан облысының Созақ ауданына жеткізу мәселесі көтерілді.
«Қазіргі таңда Тасөткел су қоймасында 128,3 млн текше метр су бар. Бұл көлем вегетация кезеңін тұрақты аяқтауға жеткілікті. Нысан жыл басында бекітілген кестеге сәйкес жұмыс істеп тұр. Су тапшылығының туындау қаупі жоқ, шаруалардың егін суаруға қажеттілігі толық қамтамасыз етіліп жатыр. Қыркүйек айында су қоймасын толтыру жұмыстары басталады. Оған қоса, Фурманов айналма каналын 40 жылдан кейін алғаш рет тазарту жұмыстары қолға алынды. Қазіргі таңда каналдың 17,3 шақырымы тазартылып, ең күрделі учаскелерінде жұмыс аяқталды. Жұмыстарға 9 арнайы техника пайдаланылып жатыр»,– деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Биыл суару маусымының басынан бері Жамбыл облысының Шу ауданындағы шаруалар Тасөткел су қоймасынан 120 млн текше метр су алды. Бұл көлем жергілікті «Қазсушар» РМК филиалымен жасалған келісімшарттарда көрсетілген мөлшерден 6,1 млн текше метрге артық. Ал Мойынқұм ауданының ауыл шаруашылығы мен экологиялық қажеттіліктеріне 69 млн текше метр су жіберілді.
Қоғамдық қабылдауда Шымкент қаласының тұрғындары Тоғыс және Бадам су қоймаларын лайдан тазарту мәселесін көтерді. Нұржан Нұржігітов министрлік Түркістан облысындағы «Қазсушар» филиалына өңірдегі су қоймаларын механикалық тазарту үшін жерснарядтар беретінін айтты. Осындай жұмыстарды Қазақстанның басқа да облыстарында жүргізу жоспарланып отыр.