Әртүрлі

«Ешкімнің басына бермесін»: Ақын Серікзат Дүйсенғазиннің ұлының өліміне қатысты сот процесі аяқталды

2023 жылғы 2 қаңтарда ақын Серікзат Дүйсенғазиннің ұлы тау-шаңғы базасында қаза тапқан еді. Ақын Instagram-дағы парақшасында бұл іс бойынша сот процесі аяқталғанын, алайда тау-шаңғы базасының иесі емес, оның жиені сотталғанын айтты, деп хабарлады Elorda.info.

Айыпталушыға қауіпсіздігі ең төмен колонияға төрт жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарылған.

Оның сөзінше, енді он бес күннің ішінде екі тарапқа да аппеляциялық сотқа беруге мүмкіндік бар.

-->

Айыпталушыға қауіпсіздігі ең төмен колонияға төрт жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарылған.

Үш жарым айға созылған сот бүгін аяқталды. Ақмола облысы, Зеренді аудандық сотының судьясы Аида Каримова төрағалық еткен сот процесі жәбірленуші тараптың талабын оң нәтижеге шешті. Тау шаңғы базасының иесі сотталған жоқ. Оның жиені сотталды. Себебі, сол уақытта оның бизнесі уақытша сол жиенінің атына жазылған екен. Сот Әлихан сырғанаған күні де, одан бір апта кейін зардап шеккендер сырғанаған уақытта да ешқандай қауіпсіздік ережелері сақталмағанын дәлелдеп, сотталушыға қауіпсіздігі ең төмен колонияға төрт жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.

Біз олардың ұйымдасқан түрде баламызды тауда бір жарым сағат тығып тастағанын дәлелдей алмадық. Себебі, тауда баламның жатқанын көрген куәгерлердің сөздері әртүрлі шықты. Көбі бір-бірін танитын адамдар ғой. Камера болмаған соң дәлелдеу қиын екен. Оның үстіне сотталушы тараптың жалдап алған екі адвокаты да әккі, заң саласынан білімдері терең жігіттер екен. Еш дәлелдері жоқ болса да әр сотта «бүйректен сирақ шығарып-ақ» бақты. Сот моральдық шығынымызды ішінара қанағаттандырғанымен, материалдық шығынымызды қанағаттандырмады. Оның барлығына чек керек екен. Өзіміз азан-қазан болып жатқанда кім чек жинап жүреді? Адам өлімінің өзі дәлел емес пе? Біздің заңдарымыздың да қызық жері көп екеніне көз жетті, - деп жазды С.Дүйсенғазин.

Оның сөзінше, енді он бес күннің ішінде екі тарапқа да аппеляциялық сотқа беруге мүмкіндік бар.

Үш айдан аса психологиялық күйзелісті бастан өткердік. Бірде күңірендік, бірде күрсіндік. Бірде тебірендік, бірде тепсіндік. Бірде қиналдық, бірде жыладық. Бұндайды ешкімнің басына бермесін. Кеше біреулер «балаңның жанын қинамай ана дүниеге жіберсеңші» деп пікір жазып қойыпты. Аптасына екі күн таңнан кешке дейін марқұм балаң туралы сотта айтылып жатса көрер едім ақыл айтқанды. Бұл қазақта ақылгөйлер көп, әйтеуір. Алла хидаят берсін дейміз.

Ел Бишімбаевтың тағдырын талқылап жатқанда, біз өз сотымыздың соңы қалай болар екен деп қалтырап жаттық. Дәл менің Әлиханым сияқты талай бала осындай шаңғы базаларында қайтыс болған. Сот біткенше барлығының аманаты мойнымда жүргендей күй кештім. Солардың арасында Әлиханның ісі ғана сотқа дейін жетті. Оған бізді қолдаған қалың қазағымның үлесі бар деп ойлаймын, - деп жазды ақын парақшасында.