Есірткі құқық бұзушылықтарының профилактикасы бойынша кеңес құрылды
Ішкі істер министрлігі есірткіге қарсы іс-қимылда маңызды қадам жасады. Алғаш рет ведомство жанынан Есірткі құқық бұзушылықтарының профилактикасы бойынша кеңес құрылды, деп хабарлады , деп хабарлады Elordainfo.kz.
Бұл азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен есірткіге тәуелділіктің алдын алып, есірткінің заңсыз айналымына қарсы күресті күшейтуге, осы бағытта жұртшылықтың білімін шыңдап, құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған.
«Бүгінгі сұрақ өте маңызды. Жастарымыз сіздерді үлгі тұтады. Сол себепті осындай ұсынысты қарап, сіздерді маңызды шараға жинап отырмыз. Есірткінің алдын алуда бірлесе жұмыс істесек деген ниетпен жиналдық», - деді Ішкі істер министрі Ержан Сәденов.
Кеңес құрамына танымал тұлғалар, спортшылар мен осы бағыттағы сарапшылар кіреді. Әртүрлі сала өкілдері болса да, бәрінің мақсаты мен мүддесі бір – заманауи бес кеселдің бірі есірткімен күрес.
«Ішкі істер министрлігі жанынан мұндай кеңестің құрылып жатқаны үлкен қадам. Яғни, бір министрліктің ғана жұмысы емес, бұл қоғам болып күресетін дерт, әрбір ата-ананың алаңдайтын мәселесі, әрбір мұғалімнің зер салып көре білетін қырағылығына да байланысты. Балаңа, болашағыңа алаңдайтын болсаң, мұндай бастамадан қоғамның кез келген белсенді мүшесі қалыс қалмауы керек», - деді тележүргізуші Дана Нұржігіт.
Іс-шара барысында кеңес мүшелеріне арнайы куәліктер табысталды. Сонымен қатар дауыс беру арқылы кеңес төрағасы сайланды. Ол Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Аленов болды. Сондай-ақ кеңес төрағасының орынбасарлары да таңдалды. Олар «Есірткісіз болашақ» қорының төрағасы Жандос Ақтаев және министрліктің есірткіге қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов.
Кеңес қоғамдық сананы өзгерту, есірткілердің зияны туралы халықты ақпараттандырып, жастар арасында нашақорлықтың алдын алу үшін тиімді шаралар қабылдайтын болады.