Енді қазақстандықтар Мароккоға визасыз бара алады
Бүгін, 19 наурызда Қазақстан үкіметі мен Марокко үкіметі арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісім күшіне енді. Енді қазақстандықтар Мароккоға визасыз бара алады, деп хабарлады Elordainfo.kz Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.
«Қазақстан Сыртқы істер министрлігі отандастарымыздың саяхаты үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында шетелдік серіктестермен визалық режимді жеңілдету бойынша жұмысты жүргізуде.
Осы ретте, 2025 жылғы 19 наурызда Қазақстан Республикасының үкіметі мен Марокко Корольдігінің үкіметі арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісім күшіне енеді.
Осы келісім екі ел азаматтары – ұлттық паспорт иелері үшін визалық талаптардың күшін жоюды қарастырады. Осылайша, олар әрбір 6 ай ішінде (ел аумағына кіру күнінен бастап есептелетін) басқа мемлекеттің аумағында визасыз 30 күнге дейін бола алады.
Бұл келісім туристік, іскерлік және мәдени байланыстардың дамуы үшін жаңа мүмкіндіктер ашады», - делінген СІМ хабарламасында.
Сонымен қатар Черногория билігі Қазақстан азаматтары үшін визасыз режимді 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзарту туралы шешім қабылдаған.
Бұдан бөлек, Оман Сұлтандығының Сыртқы істер министрлігі ұлттық паспорттары бар Қазақстан азаматтары үшін визасыз режимнің ұзартылғанын мәлімдеген. Енді Қазақстан азаматтары Оман аумағында 30 күнге дейін бола алады, ал бұрын бұл мерзім 14 күнді құраған.