Әртүрлі

Елордалық полицейлер тұрғын үйлерден ұрлық жасаған ер адамды ұстады

Алматы ауданы полиция бөлімінің криминалдық полиция қызметкерлері жедел іздестіру іс-шаралары барысында бірқатар ұрлық жасады деген күдікпен 25 жастағы қала тұрғынын анықтады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Тергеу барысында ер адамның оңай олжа іздеп, елордалық тұрғын үйлерді аралап, жөндеу жұмыстары жүріп жатқан пәтерлерден, қоймалардан ұрлық жасаған.

«Таңғы уақытта Шәймерденов көшесіндегі тұрғын үйдің астындағы қосалқы үй-жайдан еркін кіру арқылы жалпы құны 195 мың теңге көлемінде болатын құрылысқа арналған құрал-саймандарды жымқырып кеткен. Қаскүнем ұрланған заттарды сатып үлгерген», - делінген хабарламада.

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, ер адамның қазіргі уақытта осыған ұқсас ұрлықтың 3 фактісіне қатысы бары анықталды.

Астана қаласының Полиция департаменті азаматтарға сақ болуды, бағалы заттарды қараусыз қалдырмауды ескертеді.