Әртүрлі

Елордалық полицейлер есірткіге қарсы профилактиканы үздіксіз жүргізеді

Астана қаласының полиция қызметкерлері мемлекеттік ұйымдармен және ҮЕҰ-мен бірлесіп, интернет арқылы есірткінің синтетикалық түрлерін тарату және оның заңсыз жарнамасы фактілеріне дереу ден қою бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.  

Есірткі сатуға қатысатын сайттарды жарнамалайтын граффити суреттері бар тұрғын үй алаптарының қабырғаларын бояу бойынша күнделікті рейдтер жүргізілуде.

Жұмыстың негізгі мақсаты – жасөспірімдер мен жастар арасында есірткі тұтынушылардың санын азайту және алдын алу.

Учаскелік полиция инспекторлары күн сайын учаскелерді аралап, есірткі жарнамасы бар граффити суреттерін анықтайды. 

Жыл басынан бері елордада 2 мыңнан астам граффити суреттері анықталып, жойылды. Телеграм арналарына сілтемелері бар есірткі сайттарының мекенжайлары бұғаттауға бағытталды.

Полиция есірткі құралдарын, психотроптық заттарды немесе олардың аналогтарын, прекурсорларды насихаттағаны немесе заңсыз жарнамалағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын еске салады. ҚР ҚК-нің 299-бабына сәйкес, онда мүлкі тәркіленіп немесе онсыз үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.