Әртүрлі

Елордалық полицей мұзға құлап кеткен ер адамды құтқарып қалды

Астанада полицей мұзға құлап кеткен ер адамды құтқарып қалды, деп хабарлады Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Түнгі уақытта жағалау маңындағы аумақты патрульдеумен айналысқан тәртіп сақшысы Алдияр Жарылғасынов белсенді түрде қол бұлғап, назар аударып тұрған екі адамды байқайды. Жақындап келе жатқанда өзенді жұқа мұздың үстімен жүріп өтпек болған ер адам суға құлап, шыға алмай қалғанын байқайды. Оқиға куәгерлері жәбірленушіге бұтақты ұзарту арқылы көмектеспек болған. Алайда олардың әрекеті сәтсіз аяқталған. Жағдайдың қиын екенін түсінген Алдияр Жарылғасынов патруль көлігінің жүксалғышынан арқан алып, суға батып бара жатқан адамға лақтырып жібереді. Полицей шамамен 10 метр қашықтықта куәгерлермен бірге әрекет ете отырып, жәбірленушіні судан алып шықты.

Белгілі болғандай, ер адам мұзды суда жарты сағаттай болған. Полицей оны жылыту үшін дереу патрульдік көлікке отырғызып, одан әрі тексеру және медициналық көмек көрсету үшін келген жедел жәрдемге тапсырды.

Айта кетейік, Алдияр Жарылғасынов ішкі істер органдарында 10 жылдан астам қызмет етіп, полктегі қызметін қатардағы сержант шенінен бастаған. 2023 жылдың шілдесінен бастап взвод командирі қызметін атқарып жатыр.