Әртүрлі

Елордада серіктестік директоры аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін сотталды

Бұл туралы «Астана соттары» мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Сотталушыға қатысты Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша іс Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында қаралды.

«Сотталушы А. жауапкершілігі шектеулі серіктестік директоры бола отырып, 2023 жылдың 30 қаңтарынан бастап аталған жылдың 10 ақпанына дейінгі кезеңде төрт ЖШС-мен нарықтық бағадан төмен бағамен ЖЖМ – дизель отынын жеткізуге шарт жасасқан. Алайда дизель отыны берілмеген, ол ақшалай қаражатты өз қалауы бойынша басқарып, атап айтқанда, оны ЖЖМ жеткізумен байланысты емес басқа компаниялардың шоттарына аударған», - делінген хабарламада.

Осылайша сотталушы алдау арқылы жәбірленушілердің жалпы сомасы 990 150 000 теңге сомасындағы қаражатын иемденген.

Сотталушының кінәсі жәбірленушілер мен куәгерлердің айғақтарымен, банктік үзінділермен, сарапшының қорытындысымен, ресурс ұстаушылардың өздері мен сотталушы арасында мұнай өнімдерін сатып алуға шарт жасалмағаны туралы жауаптарымен дәлелденген.

Прокурор мүлкін тәркілемей, коммерциялық ұйымдарда 10 жыл мерзімге материалдық-жауапты және басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады (Қылмыстық кодекстің 50-бабын пайдалана отырып).

Сотталушы кінәсін мойындамаған, жәбірленушілермен келісімшарт жасасқанын дауламады, бірақ алдау ниетінің болмағанын көрсетті.

Жәбірленушілер сотталушымен залал 2024 жылғы 15 желтоқсанға дейінгі мерзімде өтелетін медиативтік келісімдер жасасуына байланысты сотталушыны бас бостандығынан айырмауды сұрады.

Сот үкімімен сотталушы Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, онымен қысқа уақыт ішінде аса ірі мөлшерде залал келтірілгенін, сондай-ақ залалдың нақты өтелмегенін ескере отырып, материалдық-жауапты және басшылық ету құқығынан 5 жыл мерзімге айыра отырып, 6 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.