Әртүрлі

«Жол апатына ұшырады»: Елордалықтарды 14 миллион теңгеге алдаған 3 алаяқ сотталды

Telegram мессенджері арқылы үш дроппер қылмыстық сөз байласып, қарт адамдарға телефон соғып, жақын туыстарының жол ережесін бұзғанын, соның салдарынан көмекке мұқтаж адамдар зардап шеккенін айтқан, деп хабарлады Elordainfo.kz Астана қаласының прокуратурасына сілтеме жасап.

Олар алданған тұлғалардан «жол-көлік оқиғасынан зардап шеккендерге» материалдық көмек ретінде 14 млн теңгеден астам ақша жинаған. Оны қылмысты ұйымдастырушының есеп айырысу шотына аударған.

Олардың екеуі шет мемлекеттің азаматы бола тұра, жәбірленушілердің ақшасын жымқырып, елден шықпақ болған. Алайда олар Алматы қаласының халықаралық әуежайында ұсталды. 

«Мемлекеттiк айыптаушы сотқа бұлтартпас айғақтарды ұсына отырып, кiнәлiлердiң алаяқтыққа, яғни аса iрi мөлшерде алдау жолымен бөтеннiң мүлкiн ұрлауға, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобында бiрнеше рет жасау ниетiн дәлелдеді»,- делінген хабарламада.

Келтірілген материалдық шығын толығымен өтелді.

Үш тұлғаның әрқайсысы 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сотталды.