Әртүрлі

Елордада 200-ге жуық әскери қызметшіні запасқа шығару рәсімі өтті

Астана қаласының 68665 әскери бөлімінде республикалық маңызы бар қалалардан, Қарағанды мен Түркістан облыстарынан келген 188 әскери қызметшіні запасқа шығару рәсімі салтанатты түрде өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс-шарада бөлім басшылығы, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, Қарулы күштердің ардагерлері, Ауған соғысы мен жергілікті қақтығыстарға қатысушылар болды.

Ерекше мақсаттағы бригада командирі, полковник Абай Әлібеков әскери қызметшілерді қызметті абыроймен аяқтауымен құттықтады.

«Ер адам екі нәрсе таңдауда – мамандық және өмірлік серігін таңдауда қателеспеуі керек» дейді. Сіздер өз жолдарыңызды тауып, табысты болуларыңа тілектеспін. Әскери қызметте шынығып, тәжірибе жинадыңыздар. Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық және ашық аспан тілеймін», - деді полковник А. Әлібеков.

Сонымен қатар ол мерзімді қызмет кезінде жеке құрам тәртіп пен жауапкершіліктің жоғары деңгейін көрсеткенін атап өтті.
Ефрейтор Ерсұлтан Ержанұлы жолдастарының атынан сөз сөйлеп, командирлер мен әріптестеріне алғысын білдірді.

«Әскер шынықтырып қана қойған жоқ, шыңдады. Талай нәрсе үйрендік, заманауи әскери техниканың үлгілерін меңгердік, жаттығуларға қатыстық, командада жұмыс істеуге машықтандық. Мұнда нағыз достар мен пікірлес адамдарды таптым. Бұл дағдының бәрі бізге алдағы өмірде пайдалы боларына сенімдімін», - деді ефрейтор Ерсұлтан Ержанұлы.

Ерекше көзге түскен әскери қызметшілер бөлім басшылығының атынан алғыс хаттармен, грамоталармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.

Министрліктің мәліметінше, әскери борышын адал атқарғандардың енді күштік құрылымдар және мемлекеттік органдарда жұмыс істеуіне, үйренген мамандықтары бойынша жұмысқа орналасуға немесе жеңілдікпен жоғары білім алуға мүмкіндіктер көбірек.