Елордада 2 300-ден астам азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды
16 қыркүйек пен 1 қараша аралығында қала аумағында «Учаске» жедел алдын алу іс-шарасы өткізіліп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Іс-шараның мақсаты – қызмет көрсетілетін учаскелерде құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу бойынша шараларды күшейту, азаматтармен сенімді қарым-қатынас орнату.
Іс-шара басталғалы учаскелік полиция инспекторлары 23 мыңнан астам тұрғын үй алабын аралады, оның ішінде 20 мыңнан астам пәтер мен 3 мыңнан астам жеке үй тексерілді. Сондай-ақ ішкі істер органында есепте тұрған 2 535 адам тұрғылықты жері бойынша тексерілді.
«Іс-шара барысында 2 300-ден астам азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 169 кәмелетке толмаған ұсталды, 1 900-ден астам азаматтық қару иелері тексерілді.
Тіркелмеген атыс қаруын, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды анықтау барысында Байқоңыр ауданы ПБ учаскелік инспекторлары азаматтық қару иесінен тіркеу тәртібін бұзғаны үшін тегіс ұңғылы қаруды тәркілеп, әкімшілік айыппұл салды», - делінген хабарламада.
Астана қаласының Полиция департаменті елорда тұрғындары мен қонақтарын жедел алдын алу іс-шарасының жүргізілуіне түсіністікпен қарауды сұрап, ішкі істер органдарының қызметкерлеріне барынша көмек көрсетуге шақырады.