Елорда вокзалында бес миллионыншы жолаушыны салтанатты түрде қарсы алды
Бүгін елордадағы «Астана-1» теміржол вокзалында жыл басынан бері «Жолаушылар тасымалы» АҚ пойыздарымен тасымалданған бес миллионыншы жолаушыны салтанатты түрде қарсы алды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, сәтті билет иегері – небәрі 8 жастағы Мөлдір Сұлтан есімді жолаушы. Ол анасымен бірге Алматыдан Астанаға №9/10 бағытындағы жолаушылар пойызымен келген.
Айрықша оқиғаға орай ұйымдастырылған шара барысында жас жолаушыға Ұлттық тасымалдаушы атынан естелік сыйлықтар табысталды. Атап айтқанда, жұмсақ ойыншық, планшет және сымсыз құлаққап сыйға берілді. Сыйлықтарды «Жолаушылар тасымалы» АҚ «Экспресс» филиалының директоры Замира Абжаппарова салтанатты түрде табыс етті.
«Бұл сапар біз үшін ұмытылмас әсерге толы болды. Билеттің мерейтойлық екенін естіген сәтте таңданысымызда шек болмады. Бес миллионыншы жолаушы атанамын деп ойламаған едім. Ұйымдастырушыларға көрсеткен құрметі мен сыйлаған қуанышты сәттері үшін шын жүректен алғыс айтамыз», - деп әсерін жеткізді Мөлдірдің анасы.