Әртүрлі

Елімізге жаз соңына дейін «Бахри-Точик» су қоймасынан 491 млн текше метр су жеткізіледі

Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстан 2025 жылғы маусым-тамыз айларына арналған «Бахри-Точик» су қоймасының жұмыс режимі бойынша үшжақты кестені бекітті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Бұл құжат аясында вегетациялық кезеңде Қазақстанға 491 млн текше метр су жеткізіледі деп жоспарланған. Қазіргі уақытта су жеткізу жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр.

«Осылайша вегетациялық кезең ішінде Қазақстан тарапынан трансшекаралық су ресурстарын пайдалану жөніндегі құқықтық мәселелерді реттеуге бағытталған барлық қажеті шаралар үкіметаралық келісімдер аясында қабылданды», - деді ҚР Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында. 

Оның айтуынша, Шардара су қоймасына келетін су бекітілген кестеге сәйкес 1 млрд текше метрді құрады. Оның жұмыс режимі вегетациялық кезеңдегі қажеттіліктерді ескере отырып, реттелуде.