Әртүрлі

Елімізге былтыр әкелінген керқұландар жабайы табиғатқа жіберілді

2024 жылғы маусымда әкелінген алғашқы жеті керқұлан 4 маусымда табиғатқа жіберілді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің мәліметінше, жануарлар бір жыл мамандардың бақылауында жартылай ерікті жағдайда ұсталып, ойдағыдай ортаға бейімделіп үлгерді.

Жылқылар Торғай даласындағы -30 °C аязда алғашқы қыстан аман-есен шықты. Ветеринарлық тексерулерден өтті.

«Табиғатта жануарлардың қозғалысын бақылап отыратындай, «Умбре» мен «Веспе» деген екі биеге GPS-қарғыбау тағылды. Керқұландардың алғаш тобын Орталық Қазақстанның жабайы табиғатына жіберу — түрді тарихи мекенінде қалпына келтіру жобасын іске асырудағы маңызды қадам. Реинтродукция орталығында сәтті өткен жануарлардың жыл бойғы тұрмысы — мамандар мен мал дәрігерлері командасының еңбегінің нәтижесі», — дейді АСБК атқарушы директоры Вера Воронова.

Босатылған жылқыларды қорғау жұмысын «Алтын Дала» мемлекеттік табиғи резерватының инспекторлары орындайды.

Мамандар табиғи ортада жануарлардың мінез-құлқын зерттеуді және мониторингті жалғастырады.