Әртүрлі

Елімізде жыл басынан бері 8 мың өрт тіркелді

Жыл сайын елімізде 10 мыңнан астам өрт шығып, үш жүзден астам адам қаза табады. Өрттер көп жағдайда тұрғын үй секторында орын алады. Бірінші қазаннан бастап жылыту кезеңі басталды, алайда тұрғын үй секторында 100-ден астам өрт тіркеліп, 17 адам қаза тапты, оның ішінде – 6-ауы бала болды, ал 13 адам жарақат алды. Бұл туралы ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары Қанат Доспаев ОКҚ брифингінде мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Оның айтуынша, жыл басынан бері 8 мың өрт тіркеліп, 213 адам қаза тапса, 213 адам жарақат алған. 

«Өрттің өсуі Астана, Алматы, Шымкент қалаларында және Алматы мен Маңғыстау облыстарында байқалады. Қаза тапқандардың көпшілігі – Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Алматы, Атырау және Қостанай облыстарында. Бұл ретте, 64 адам мас күйінде болған», – деді Қ.Доспаев. 

Азаматтарға өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауды түсіндіру әдістерінің бірі профилактика болып табылады. Ерекше назар жылыту кезеңінің қауіпсіздігіне аударылады. Алдын алу шаралары оның басталуынан әлдеқайда бұрын басталды. Жеке тұрғын үй қорының өртке қарсы жағдайын бақылау қолданыстағы мемлекеттік заңнамамен қарастырылмаған. 

«Біз тек түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз, оның барысында үйлерді аралаймыз және тұрғындардың келісімімен үй-жайлар тексеріледі, ұсыныстар беріледі және нұсқаулықтар өткізіледі. Өрт қауіпсіздігін бұзушылықтар анықталған кезде – әкімшілік шаралар қолданылмайды», – деді ведомство өкілі.