Әртүрлі

Елімізде су басу қаупі бар 1 223 елді мекен бар – министрлік

Өңірлерде су тасқынының алдын алу шаралары мен инженерлік жұмыстар өткізіліп жатыр. Оларды іске асыру барысын жергілікті жерлерде министрліктің бөлімшелері жүзеге асыруда, деп хабарлады Elordainfo.kz.  

Су тасқынына қарсы іс-шаралар республикалық және өңірлік бағдарламалық құжаттармен іске асырылады.

«Бүгінгі таңда елімізде су басу қаупі бар аймақтарда 1 223 елді мекен бар. Жалпы өңірлерде 1 400 су тасқынына қарсы іс-шара іске асырылды. Елді мекендерді қорғау үшін 576 километр қорғаныш бөгеттері мен біліктері салынды. 164 километр дренаж жүйесі жөнделді және салынды, 960 автомобиль және темір жолдардың астына су өткізу құрылыстары орнатылды және ауыстырылды, 658 километр каналдар мен арықтар құрылды. 74 өзеннің қауіпті учаскесінде үш жүзден астам километр тереңдету мен жағалауды нығайту, 190 километр тазарту жұмыстары жүргізілді», - делінген ТЖМ хабарламасында.

Елді мекендердің ішінде жаңбыр мен дренаж жүйелері жөнделіп, салынып жатыр. Сонымен қатар елді мекендерден қар шығару үшін қауіпсіз полигондар алдын ала анықталған.

Астана су реттегіші құрылысына тексеру жүргізілді. Тексеру жұмыстары барысында ТЖД және Төтенше жағдайдың алдын алу комитетінің қызметкерлері «Қазсушар» РМК Ақмола филиалының өкілдерімен бірлесіп, тасқын суларды қабылдауға және өткізуге, объектіні реконструкциялауға дайындық мәселелеріне ерекше назар аударды. Қорытынды бойынша «Қазсушар» РМК АФ теңгерім ұстаушысына су тасқыны кезеңінен қауіпсіз өту бойынша барлық іс-шараларды тиісті жағдайда ұстау және қамтамасыз ету бойынша ұсынымдар берілді.