Әртүрлі

Елімізде сиыр азайып жатыр, ет күрт қымбаттауы мүмкін

Елімізде сиыр азайып жатыр, ет күрт қымбаттауы мүмкін. Себебі ірі қара арасында түрлі жұқпалы аурулар көбейген. Сондықтан шаруалар малды азайтуға мәжбүр. Бұл туралы Elordainfo.kz «Астана» телеарнасына сілтеме жасап хабарлады.

Ірі қара тұқымы күніне 8 л көлемінде сүт береді. Сиырдың өзі де өтімді. Шаруашылық иелері бір сүттен жасалатын құрт, май, ірімшік өнімдері нарықта жоғары бағаланатынын айтады. Себебі ауылдық жерде өндірілетін табиғи әрі таза азық - түлік болып табылады. Қараөткел ауылының тұрғыны Дәулет Қасымбаевтың қорасында 20 шақты сиыр бар. Ірі қараны сойып етін сатады, сүтін де кәдеге жаратады. Еттің келісін 2300 теңгеден саудалап отыр. Жақында бағаны көтерем дейді. Себебі, қазір базардан таза өнім табу қиын.

«Қаңтардан кейінгі бұзаулар 100-170 ге дейін таза ет беріп жатыр. Бұл сиырдың сүті бар, қаймағы бар оны біз сатамыз ғой. Өзіміз жейміз. Содан жаңағы ешқандай инфекция аурулар тарамауы үшін малдың денсаулығына қараймыз»,- деді Қараөткел ауылының тұрғыны Дәулет Қасымбаев.

Биыл өңірлер ішінде сиыр еті Алматы, Атырау және Ұлытау облыстарында қымбаттады. Дегенмен баға тағы өсуі мүмкін, себебі сиыр азайып барады. Оның бірден бір себебі шетелден келетін тұқымдар санының көбеюінде дейді - мамандар. Сол арқылы елімізде экзотикалық ринотрахит, парагрип сынды вирустық инфекциялар белең алған.

«Фермерлер ірі қара малды әкеледі Қазақстанға. Мысалға семинтал сүтті етті бағытта. Оларды Қазақстанға әкелген соң олар Европада вакцинацияланған болады. Шетелдерде кэтл мастер, бовилизвиста деген вакциналарын қойып тастайды. Фермерлер білмейді, ол вакцина әкелген кезде 1 жыл жұмыс істейді. Одан кейін аурулар басталады. Ревакцинация деген бар ол вакцинаны қайтадан қою. Соны жалғастырып отырса, ауру тарамайды», - деді мал дәрігері Ерлан Байқуаныш.

Қазір Европа мемлекеттерінде өндірілетін гармондық вакциналар сұранысқа ие. Олар өз кезегінде ірі қараның еті мен сүтін молайтуға ықпал етеді. Дегенмен мұндай жолмен асылданған мал тұқымы табиғи астық болып саналмайтын көрінеді. Таза өнімді алу үшін ауылдардағы мал санын көбейту қажеттігін айтады мамандар.

«Неғұрлым сізде сатылым жақсы болса, кіріс кіріп жатса сіз оның санын көбейтесіз. Сапасын арттырасыз, жұмысшыларға жұмыс орынын артттырасыз дегендей, жағдай жасайсыз. Сол сияқты сату мәселесі де оң шешімін табу керек», - деді Қазақ ақбас тұқымы республикалық палатасының атқарушы директоры Бақтияр Өтелбаев.

Мамандар ірі қараны жылына екі рет вакцинациялауды ұсынады. Осы арқылы аурудың алдын алуға болады.