Сирек кездесетін және жоғалып кету қаупі төнген жануарлардың тізбесі жаңартылады
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Үкімет отырысында республикада сирек кездесетін және жоғалып кету қаупі төнген жануарлар түрлерін сақтау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс туралы баяндады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Ол бүгінгі таңда сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген жануарлардың 227 түрі тіркелгенін, олардың 131-і омыртқалы және 96-сы омыртқасыздар екенін мәлімдеді.
«Зоология институтының биологиялық негіздемесінің материалдары бойынша тізбені жаңарту басталды. Бұл жұмыс Халықаралық табиғатты қорғау одағының критерийлеріне сәйкес жүргізіледі. Омыртқасыз жануарлардың 21 түрін тізбеден алып тастау және омыртқасыздардың 6 түрін және омыртқалы жануарлардың 5 түрін енгізу бойынша ұсыныстар енгізілді. Жануарлардың сирек кездесетін және жоғалып кету қаупі төнген түрлерін сақтау бойынша ең тиімді кешенді шара ретінде ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды (ЕҚТА) құру танылды», — деді Ерлан Нысанбаев.
Ведомствоның мәліметінше, Тәуелсіздік жылдарында Республикадағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтарының ауданы қолданыстағы ЕҚТА-ны кеңейту және жаңа ЕҚТА құру есебінен 869 мың гектардан 30,9 млн гектарға дейін ұлғайды.
Еліміздің биоалуантүрлілігін сақтау бойынша қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде тоғай бұғысы, құлан, арқар және қарақұйрық популяциясы айтарлықтай өсті.