Әртүрлі

Елімізде үш жаңа сот жұмысын бастайды

Жоғарғы сотта кассациялық соттарды құру мәселелері талқыланды. 1 шілдеден бастап елордада үш дербес кассациялық сот жұмыс істейді, деп хабарлады Elordainfo.kz Жоғарғы сотқа сілтеме жасап.

Парламент мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті Жоғарғы сотта кассациялық соттарды құру мәселелерін талқылауға арналған дөңгелек үстел өткізді.

«2025 жылдың 1 шілдесінен бастап, елордада апелляциялық және қайта қараудың бірыңғай қағидалары бар үш дербес кассациялық сот жұмыс істейді», - делінген хабарламада.

Отырыс тиісті заң жобасын қоғамдық талқылау аясында «жаппай» кассациялық сатыға жоғары сұранысты ескере отырып өтті.

Оған парламент мәжілісінің депутаттары, Жоғарғы соттың, Сот әкімшілігінің, Республикалық адвокаттар алқасының, парламентаризм институтының басшылығы, Бас прокуратура мен заң қоғамдастығының өкілдері қатысты.

 Дөңгелек үстелді ашқан парламент мәжілісі комитетінің төрағасы Снежанна Имашева Конституциямен кепілдік берілген сот қорғау құқығын толықтай жүзеге асыруды қамтамасыз етуге және соттарға деген сенімді арттыруға бағытталған жүргізіліп жатқан реформаның маңыздылығына тоқталды.

Жоғарғы соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Нұрсерік Шәріпов сот төрелігі саласындағы заңнамалық жаңашылдықтар пакетіне бастамашы болған парламенттік жұмыс тобының қызметін атап өтті.

Ұсыныстарды мәжілісмендер Марат Башимов, Бақытжан Базарбек және Нұрсұлтан Байтілесов, Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Айдын Бикебаев және Қазақстан заңгерлер одағының төрағасы Серік Ақылбай, Жоғарғы соттың отставкадағы судьясы Гүлнар Рыспекова, заңгерлер Бақыт Тұқұлов және Гүлнар Сүлейменова жасады.

Жалпы, барлық баяндамашылар кассациялық соттардың құрылуын қолдай отырып, олардың тиімді жұмыс істеуі, судьялардың шынайы тәуелсіздігін қамтамасыз ету, судьялық лауазымдарға ашық және жария түрде іріктеу қажеттілігі мәселелеріне ерекше назар аударды.

Пікірталас болып, оның қорытындысы бойынша парламентшілер мен сот корпусы бейтарап, әділ және тәуелсіз сот төрелігін қамтамасыз ету жөніндегі ұсыныстарды заң қоғамдастығымен одан әрі талқылауға дайын екендіктерін растады.