Әртүрлі

Елімізде ұлттық ауыл шаруашылығы санағы өтеді

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы 2025 жылдың 1 тамызы мен 20 қазаны аралығында өтеді. Бұл елдің аграрлық секторының жай-күйі туралы өзекті деректерді алуға бағытталған ауқымды статистикалық зерттеу.

Санақ Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүргізіледі. Іс-шара екі кезеңде өтеді: онлайн-сауалнама және үй шаруашылықтарын аралап өту.

Онлайн-кезең 1-31 тамыз аралығында sanaq.gov.kz сайтында өтеді. Онда респонденттер санақ парақтарын өз бетінше толтыра алады. 20 қыркүйектен 20 қазанға дейін интервьюерлер онлайн сауалнамадан өтпеген үй шаруашылықтарына баратын болады. Бұған дейін, 1-30 маусым аралығында респонденттердің тізімін нақтылау үшін еліміздің 70 қаласында үй шаруашылықтарын алдын ала аралау (листинг) өтеді.

«Біз барлық азаматты санаққа белсенді қатысуға шақырамыз. Бұл жай ғана статистикалық шара емес, бұл – азық-түлік қауіпсіздігі, фермерлерді қолдау және аймақтарды дамыту шешімдерінің негізі. Тек сенімді деректер ғана тиімді мемлекеттік аграрлық саясатты қалыптастыруға көмектеседі», – деп атап өтті Бюро басшысы Мақсат Тұрлыбаев.

Сауалнамаға өсімдік шаруашылығымен, мал шаруашылығымен және балық шаруашылығымен айналысатын заңды тұлғалар, ЖК, фермерлік қожалықтар қатысуы тиіс. Сондай-ақ үй-үйді аралау кезінде жеке қосалқы шаруашылық жүргізетін, бақшасы мен жер учаскесі бар, мал ұстайтын үй шаруашылықтары сұралады.

Санақ 2 миллионға жуық үй шаруашылығын және 300 мың ауыл шаруашылығы өндірушілерін қамтуды жоспарлап отыр. 

Азаматтарға ыңғайлы болу үшін ауылдық әкімдіктерде және аудандық статистика бөлімдерінде интернетке қосылған өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары ашылады.

Кеңес алу үшін азаматтар sanaq.gov.kz сайтында sanaq-Myrza виртуалды көмекшісіне немесе 1446 байланыс орталығына жүгіне алады.