Әртүрлі

Елімізде күзгі әскерге шақыру науқаны басталды

Президенттің 2024 жылғы 1 ақпандағы Жарлығына сәйкес елімізде күзгі әскерге шақыру басталып, желтоқсан айының соңына дейін жалғасады, деп хабарлады Elordainfo.kz

Мерзімді әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыруға немесе босатуға негіздері жоқ 18 жастан 27 жасқа дейінгі азаматтар шақырылады. 

Күзгі шақыру барысында Қарулы күштердің (9 933), Ұлттық ұланның (6 822), ҰҚК Шекара қызметінің (3 200), ТЖМ (317) және Мемлекеттік күзет қызметінің (290) бөлімшелері жасақталатын болады.

Қорғаныс министрлігі әскерге шақыруды есепке алу жұмысын цифрландыру жұмыстарын дәйекті түрде жүргізіп келеді. Әскерге борышын өтеуге шақырылған әскери қызметшілер туралы мәлімет алмасу, сондай-ақ оларды запасқа шығару автоматтандырылған.

Биыл сарбаздарға арналған артықшылықтар заң жүзінде бекітілді. Оларға қызмет ету кезінде және әскерден босатылғаннан кейін екі ай уақытқа несиелік демалыс беріледі. Бүгінгі таңда 6 мыңнан астам әскери қызметшінің 1 млрд 828 млн теңге сомасындағы төлемдері кейінге қалдырылды. Сонымен қатар кредиттің болуын не болмауын, ол бойынша төлемді кейінге қалдыруды белгілеу Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі айқындаған тәртіппен Қорғаныс министрлігінің, кредиттік бюролар мен кредиторлардың ақпараттық жүйелерінің өзара іс-әрекеті арқылы жүзеге асырылады.  

Отан алдындағы борышын өтеген азаматтарға студенттік жатақханадан орын беру жеңілдіктері де қарастырылған. Бүгінгі таңда әскерде қызмет еткен мың жарымнан астам азамат жоғары оқу орындарына тегін, ал ақылы түрде 700-ден астамы оқуға түсті. Осы жылдың көктемінде запасқа шығарылған 400-ден астам әскери қызметші келісімшарт бойынша әскери қызметке орналасты, - делінген Қорғаныс министрлігінің хабарламасында

Қалалық және аудандық шақыру комиссиялары жергілікті атқарушы органдар әкімдерінің орынбасарларының төрағалығымен жұмыс істейді. Шақыру науқаны барынша ашық форматта өткізіледі.