Әртүрлі

Елімізде былтырғы жол-көлік апатынан 40 мыңнан астам адам жарақат алған

Өткен жылы жол апаттарының салдарынан 40 мыңнан астам адам зардап шекті, 2 452 адам қаза тапты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас травматологы, академик Н.Батпенов атындағы Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығының директоры Олжас Бекарисов Орталық коммуникациялар қызметінде баяндады.

ЖКО-ның көпшілігі қалада (72%), 14% ауылда және 13% трассада тіркеледі.

Жарақат бойынша жедел жәрдем шақыруларының жалпы санынан - 741 728, жол-көлік оқиғаларына бригадалардың 47814 немесе 5,5% келеді.

Еліміздің бас травматологының айтуынша, халықаралық зерттеулерге сәйкес, қозғалыс жылдамдығының өсуі ЖКО зардаптарының ауырлығына тікелей әсер етеді.

«80 км/сағ жоғары жылдамдықта жаяу жүргіншінің соқтығысу кезінде қаза болу ықтималдығы 90%-дан асады. Қалалық ортада жылдамдықты 60-тан 50 км/сағ-қа дейін төмендету жаяу жүргіншілер өткелдеріндегі өлімді 30-40%- а азайтуға мүмкіндік береді», - деді ол ОКҚ алаңында өткен брифингте.  

Спикердің пікірінше, халықаралық практика жылдамдық режимінің сақталуын ішінара бақылаудың өзі ЖКО санын 20-25%-ға төмендетуге қабілетті екенін растайды.

Ал ДДҰ статистикасы бойынша қауіпсіздік белдіктерін пайдалану өлім қаупін 40-50%-ға, ауыр жарақат алу қаупін 25%-ға төмендетеді.