Елімізде астық жинау науқаны аяқталуға жақын – АШМ
Қазақстанда 2025 жылғы астық жинау науқаны аяқталып келеді. Жұмыстар жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр. Аграршылар техникамен, жанар-жағармаймен және қаржыландырумен толық қамтамасыз етілген. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Биылғы егін жинау алаңы 23,6 млн гектарды құрады, оның ішінде 16 млн гектардан астамы – дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар.
Қазіргі таңда егіс алқаптарының 98,4 пайызы орылып, орташа өнімділік гектарына 16,8 центнер деңгейінде 26,4 млн тонна астық бастырылды.
«Мемлекеттік қолдаудың жүйелі шаралары мен аграршылардың жауапкершілігінің арқасында ауыл шаруашылығы саласы тұрақты өсім көрсетуде. Негізгі басымдық тиімділікті арттыруға, заманауи технологияларды енгізуге және қайта өңдеу саласын дамытуға берілуде. Бұл өз кезегінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жоғары қосылған құны бар экспортты арттыруға мүмкіндік береді», - деді вице-министр.
Оның сөзінше, қазіргі таңда 12 млн гектар бидай (98,8%) орылып, шамамен 20 млн тонна астық жиналды. Арпа мен сұлының өнімі – 4,2 млн тонна, жүгері – 830 мың тонна. Ел тарихында алғаш рет 1 млн тонна дәнді-бұршақты дақылдар және 4 млн тоннаға дейін майлы дақылдар жиналды.
«Көкөніс өнімдері бойынша да жоғары көрсеткіштер байқалады: картоп – 2,9 млн тонна, көкөністер – 3,9 млн тонна, бақша өнімдері – 2,6 млн тонна. Шаруаларға көрсетілген жеңілдетілген қаржыландыру көлемі алғаш рет 1 трлн теңгеге жетті. Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына 700 млрд теңге бөлініп, оның 502 млрд теңгесі игерілді. 1 қазаннан бастап 2026 жылғы көктемгі дала жұмыстарына ерте қаржыландыру тетігі іске қосылды. Лизинг бағдарламасы аясында 8 мыңнан аса ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға жалпы құны 253 млрд теңге болатын өтінім түсті», - деді ол.
Егін жинау науқанына 139 мың трактор, 31 мың комбайн, 17 мың орақ машинасы және 130 мыңға жуық басқа да техника тартылған. Оның ішінде 4,2 мыңнан аса заманауи John Deere және CLAAS комбайндары бар.
Шаруаларға литрі 254 теңге бағамен, яғни нарықтық құнынан 20 пайызға арзан, 422 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінген.
2026 жылғы егінге арналған тұқым себу қорына 2 млн тонна тұқым дайындалды, бұл жалпы қажеттіліктің 91 пайызын құрап отыр. Ел бойынша астық сақтау сыйымдылығы 30 млн тоннадан асады. Элеваторларға жаңа өнімнен 6,7 млн тонна астық тапсырылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп.