Әртүрлі

Елімізде қанша ресми гид бар

2024 жылы 78 қазақстандық гид өздерінің кәсіби дағдыларын растап, цифрлық тізілімге енді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Kazakh tourism мәліметінші, 2023 жылдан бастап гидтерге бейдждер беріледі. Бұл бейдждер әр гидтің ресми мәртебесін растайды және топтар құрамында 41 туристік нысанға тегін немесе жеңілдікпен кіруге мүмкіндік береді. Атаулы бейджге ие болу үшін гидтер guides.kazakhstan.travel сайтына тіркеліп, тестілеуге өтінім беруі қажет.

«Гидтер арнайы курстарда оқытылады. Гидтар цифрлық тізілімге енуге және атаулы бейдж алуға өтініш берген кезде міндетті түрде аталған курстарда тиісті білім алғаны туралы құжаттарды да жолдайды. Тестілеу сұрақтары гидтердің қызметіне және өзі еңбек ететін өңірдің ерекшеліктеріне байланысты. Егер тестілеуден сәтті өтсе, цифрлық тізілімге енгізіледі», - делінген хабарламада.

Бүгінгі күні бейдждер саны бойынша Алматы қаласының гидтері көш бастап тұр - 49 адам. Елордада ресми мәртебесі бар 15 маман, Алматы облысында 7 маман бар.

Шымкент қаласының, Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстарының әрқайсысында екі гид атаулы бейдж иеленді. Ал Түркістан облысында бір адам цифрлық тізілімге енді.

Әрбір бейдж туристерге гид профилімен танысуға мүмкіндік беретін QR кодпен жабдықталған.

«Гидтер шетелдік туристердің Қазақстан туралы пікірін қалыптастыруда шешуші рөл атқарады. Олардың кәсібилігі - туризм индустриясын дамытудың және қызмет көрсету стандарттарын арттырудың маңызды құрамдас бөлігі. Атаулы бейдж туристерге сапалы қызмет көрсетілетініне сенімділік беретін сенім символына айналады», - деді Kazakh Tourism басшысы Қайрат Сәдуақасов.