Әртүрлі

Қазақстанда 2 700-ден астам жүргізуші еңбек және демалыс режимін бұзған

Көлік министрлігі Қазақстан жолдарында автобустар мен жүк көлігі жүргізушілерінің жолаушыларды, багажды немесе жүкті тасымалдау кезінде еңбек және демалыс режимін сақтауын бақылау бойынша ауқымды акция өткізуде. 9 қыркүйекте басталған акция 9 қазанға дейін жалғасады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Көлікті басқарудың күнделікті ұзақтығы қолданыстағы қағидаға сәйкес 9 сағаттан аспау керек. Төрт жарым сағат бойы үздіксіз басқарғаннан кейін, жүргізуші кемінде 45 минут үзіліс жасауға тиіс.

Акция басталғалы Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитетінің қызметкерлері жалпы сомасы 4 миллион теңгеден астам әкімшілік құқық бұзушылық туралы 218 хаттама толтырды.

«Акция еліміздің барлық өңірінде өтіп жатыр. Тахограф бұл жүргізушінің еңбек және демалыс режимін, қозғалыс жылдамдығын, жүріп өткен жолын үздіксіз тіркейтін сандық құрылғы. Бұл құрылғы жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қалааралық және халықаралық тасымал барысында орын алатын жол-көлік оқиғаларының басты себептерінің бірі жүргізушінің режимді сақтамай, шаршауы немесе рұқсат етілген қозғалыс жылдамдығын асыруы болып табылады.

Акция автожолдардағы жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға, жолаушыларды, багажды және жүктерді тасымалдау барысында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, сондай-ақ автокөлік құралдары жүргізушілерінің еңбек және демалыс режимін сақтамауын анықтау және алдын алуға бағытталған», - деді комитеттің бас сарапшысы Күнайым Кәмиева.

Жалпы бұл жұмыс тұрақты жүргізіледі. Жыл басынан бері 2 700-ден астам ауыр жүк көлігі мен автобус жүргізушілері еңбек және демалыс режимін бұзған. Көліктік бақылау инспекциясының қызметкерлері олармен түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, хаттама толтырды. Айыппұлдың жалпы сомасы 48 млн теңгеден асты.